Ұлттық тәрбие бастауы- отбасынан
Тақырыбы: Ұлттық тәрбие бастауы- отбасынан
Мақсаты:Оқушылардың ұлттық тәрбие бастауы, отбасынан басталатындығы,отбасы құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Сабақтың әдісі:сұрақ-жауап, әңгімелесу, ойын
Көрнекілігі: үнтаспа, сюжетті суретттер
1.Кіріспе
Мұғалім:Oтбaсы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз.Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені.Адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Cыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай ғана Отан.«Oтан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Оның ер жетіп, бойжетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерінің белгілері отбасында қалыптасады. Барлығымызға белгілі– әлемдегі біздің ең шынайы байлығымыз–ол,әрине біздің отбасымыз.Тек қана отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, ұлттық құндылыққа баулыйды.Отбасы–бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы,бастауы.Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды,даналық сөздерді,тыйым сөздерді,тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы.Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.
Оқушылар топқа бөлініп, тапсырмаларды қорғайды.
2.Негізгі бөлім
І тапсырма: Келіңіздер, танысайық.
1-топ «Отбасымның портреті»
2-топ «Отбасындағы ата-ананың ролі»
3-топ «Отбасындағы балалардың ролі»
( Әр топ өз тақырыбы бойынша қорғайды)
Мұғалім: Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту,салт-дәстүрін,әдет-ғұрпын,тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту–өзекті мәселенің бірі.Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Яғни ол өзінің өсу,есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де,көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс.Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз.Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі,отбасы, әулет,әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі:Біріншісі-тілі, екіншісі-дәстүрі,үшіншісі-тарихы
1-топ «Қазақ тілі»
2-топ «Қазақтың салт-дәстүрлері»
3-топ «Қазақ тарихы»
( Әр топ өз тақырыбы бойынша ойларын ортаға салады)
Мұғалім:Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Өз ұлтын қадірлеп, қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» - дейді. Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне келешек ұрпақты ел жұртқа ие болатын азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа? Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп,жақсылықты жаны тілеп тұратындай болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұстаған. Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде,оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне үлес қоса алатын азамат өсіре аламыз. Сондықтан отбасы тәрбиесіндегі баланы толық қанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор.
1-оқушы: Ұлттық құндылығымыздың бастауы – тіліміз. Тіл жоқ жерде ұлт та жоғалады. Тіл – бөбектің үні, тіл – ананың әлдиі, тіл – бесік жыры. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген асыл қазынамыз – ұлттық тіліміз, мемлекеттігіміздің тұлғасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Аңызақ желге, сылдырлап аққан бұлақ суына құлақ тоссаң, бабалар үнін естисің, қобыз бен домбыра күйіне құлақ салсаң тағы да бабалар үнін естисің. Тіл арқылы тереңде жатқан тарихтың тағылымын, мәдениеттің, әдебиеттің ұлағатын танисың. Тіл – ар өлшемі. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса тілге құрметпен қарау – рухы мықты, өткенімізді саралап, болашағымызды болжай білетін ұрпақ тәрбиелеу.
2-оқушы: Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса,баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады.Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп,ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен,азаматтық парызына ұласатынын аңғарады.
3-оқушы:Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса,адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін.«Ел боламын десең,бесігіңді түзе»деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда.Сол мәселердің бірі ретінде ұлттың тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады. Мәселен, ана тілін, ата тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар; тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар;отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар;ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақытының жетіспеуі т.б. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы — қазақ халқының отбасындағы бала тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбие беру.
4-оқушы:Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие.Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге,тілімізге,дінімізге деген құрмет жатыр.Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде отбасында атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса,оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды.«Тәрбиесіз берген білім қауіпті»,–деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр.Біздің қоғам алдындағы мақсатымыз–ұлттық сана-сезімі қалыптасқан,ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын,ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді,ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.
5-оқушы:Тəрбиенің басты міндеттердің бірі–жас ұрпақты азаматтық пен отаншылдыққа баулу.«Отан» деген ұғым балаға дүние есігін ашатын туған жері, кең байтақ гүлжазира даласы.Балаға «Отан»,«туған жер» дегеніміз-тарихи қалыптасқан əлеуметтік,саяси жəне мəдени орта.Тарихқа көз жүгіртсек,халқымыз,ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жинақтаған өмір тəжірибесін,бай рухани қазынасын жас ұрпақты тəрбиелеуді пайдаланған бала тəрбиесіне ерекше мəн бере,үміт арта, сергек қараған.Жас ұрпақтың алдына асқарлы мақсат қойылып,келелі міндеттер жүктеген.«Болашақ ел қамқоры»,«Отан қорғаушысы»,«Шаңырақ иесі»,—деп жақсы сөзін қазақ халқы баласына арнаған.Отанды сүю халық ауыз əдебиетінде,ақын жыраулардың шығармаларында,халықтың тəрбие-дəстүрлері,əдет-ғұрыптары,отбасындағы ұлттық тəрбие,халық ойындары мен мерекелері, музыкалық шығармалары,бейнелеу өнері,қол өнері туындыларында тəрбиелік мазмұнда көрініс тапқан.
6-оқушы:Қaзір кімде-кімнен oның отбaсында қaндай дәстүрлер бар және олар қаншалықты маңызды деп сұрасаңыз, әрбірі басын шайқап, иығын көтереді. Не жауап берелерін білмейді. 7-оқушы:Біздің әжелеріміз бен аталарымыз ұлттық салт-дәстүрлердің мағынасын білген! Әсіресе, бұл ауылда дүниеге келгендерге тән.Онда өмір салты ерекше.Онда отбасылар ерекше өмір сүреді.Өйткені, ауыл – бұл жер,өріс, су, ағаштар және үй жануарлары.Себебі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар мен салт-жоралар арқылы уақыт байланысы одан басқа еш жерде білінбейді. Әрине, бұл көбінесе егін егумен байланысты. Қашан егіс және жинау маусымы басталғанда, барлық аулалар бұл оқиғаларды тойлайды. Бұл жерде отырыстар да, өлеңдер де, серуендер де болады. Үйлену той, қоныс той, баланың туған күні және басқа да осыған ұқсас құбылыстар шулы және кең көлемде тойланады. Шын жүректен! Иә, отбасы ішінде балалар біздің аталарымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрлер арқылы тәрбиеленуде.Рас, соңғы кездері көптеген отбасылық ұлттық дәстүрлердің өшуі байқалады.
8-оқушы: Сонымен бірге жалпы қазақ отбасына ортақ ұлттық дәстүрлер де бар. Оларды атап өтсек мыналар: жасы кішілер үлкендердің атын атамай, ата-әже, әпке,аға, әке деп сыйлап қарым-қатынас жасауы, сондай-ақ жасы кішілер үлкендердің, әсіресе қариялардың алдын кесіп өтпеуі, отбасы мүшелерің бірін-бірі ренжітпеуі, әрқайсысының шама шарқынша іс атқаруы.«Ұлдың ұяты-әкеге, қыздың ұяты-шешеге» деп қараған халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті болып саналған.
9-оқушы:Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан,екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан».Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де,ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс.Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ.
10-оқушы:Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық.Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ел болып, ұлт болып қаламыз десек, «Ұлттық тәрбие» бастауын отбасы ошақ қасынан бастауымыз қажет деп есептеймін.
3.Қорытынды
Мұғалім:Тәрбиелі білім–қазына,тәрбиесіз білім–қасірет екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан кез келген сатыда тәрбиелі білім беру – міндеттіміз.Ұрпақ тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес,тәрбие отбасынан басталады және өмір бойы жалғасады.Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қай қоғамда өмір сүрмейік, ұрпақ – ол біздің болашағымыз,жарқын күндеріміз.Сондықтан болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге сеніммен басуға болады деп нық айта аламыз.