«Адалдық пен әділдік» тақырыбында ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы
2026 жылғы 15 қаңтар күні «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері мектеп-гимназия оқушыларына арналған «Адалдық пен әділдік» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық құндылықтарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақты адал азамат болып өсуге тәрбиелеу.
Шара барысында клуб мүшелері бастауыш және орта буын оқушыларына адалдық пен әділдіктің қоғамдағы және күнделікті өмірдегі маңызына кеңінен тоқталып, жеке тұлғаның қалыптасуындағы жауапкершілік пен парасаттылықтың рөлін түсіндірді. Оқушыларға нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, адал еңбектің, шыншылдықтың және әділ шешім қабылдаудың адам өміріндегі орны баяндалды.
Түсіндіру жұмыстары ақпараттық әңгіме, пікір алмасу және сұрақ-жауап форматтарында ұйымдастырылды. Оқушылар өз ойларын ашық білдіріп, қойылған сұрақтар арқылы тақырыпты тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Шара барысында белсенділік танытқан оқушылар адалдық пен әділдікке қатысты өз көзқарастарын ортаға салып, өмірде кездесетін түрлі жағдайлар жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара соңында оқушылар адал, әділ, жауапкершілігі жоғары және парасатты болудың маңызын түсініп, алған ақпараттары өздеріне пайдалы болғанын атап өтті. Мұндай тәрбиелік мәні зор кездесулер жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамда адалдық қағидаттарын нығайтуға ықпал етті.
https://www.instagram.com/reel/DThcQYjDPuQ/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==