«Ерте жыныстық қатынас және оның салдарлары» атты облыстық вебинар
2021 жылдың 9 наурыз күні Алматы облыстық ЖИТС орталығының ұйымдастыруымен «Ерте жыныстық қатынас және оның салдарлары» атты облыстық вебинар болды. Вебинарға Алматы облыстық ЖИТС орталығының бөлім меңгерушісі Жаканова Гулнар Тұмарбекқызы, Кербұлақ аудандық ауруханасының валиолог маманы Нұрғалиева Гүлім Ақбарқызы, Көксу аудандық ауруханасының гинекологы Омарова Арайлым Мейрамқызы, ТЖО Г.Кусманова, мектеп медбикесі Ж.Құрманғалиева, педангог-психологтары Ғ.Белгібаева мен М.Майкенова, педагог-ұйымдастырушы А.Жұмабек және БҰ мүшелері Д.Алмахын, Н.Қалиясова қатысты.
Алматы облыстық ЖИТС орталығының бөлім меңгерушісі Жаканова Гулнар Ақбарқызы жыныс жолдары арқылы жұғатын аурулар туралы айтты. ҚР бойынша 2020 жылдың 12 айында АИТВ инфекциясы жөніндегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Қазақстанда 2020 жылда АИТВ-инфекциясының 3342 жағдай тіркелген, Алматы облысы бойынша 262 жаңа АИТВ жағдайы тіркелді, оның ішінде -23-і 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр.Осы тіркелген инфекцияның 74%-ы жыныстық жолмен, 14,9%-ы есірткі қолдану кезінде, 0,8%-ы гомосексуалды жолмен, 1,9%-ы анасынан балаға жұққандығы анықталды. Әсіресе осы індет жастар арасындакөп таралуы көңілге алаңдатушылық туғызатынын жеткізді. Осы жағдайларды азайту үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Келесі болып сөз алған Кербұлақ аудандық ауруханасының валиолог маманы Нұрғалиева Гүлім Тұмарбекқызы жыныстық жолмен жұғатын ауруларға тоқталды.Оның белгілері және оқушылармен жұмыс жасау алгоритмін айтты. Жыныс жолдары арқылы жұқтырылатын аурулардың қоздырғыштары микробтар болып табылады. Бұл микробтар жыныстық қатынас жасау барысында ауру адамнан сау адамға жұғады. Кейбір инфекциялар (АИТВ, В, С, Д гепатиті) қан арқылы да жұғады. Жыныстық жолмен жұғатын аурулардың 25 астам түрі белгілі. Олардың көп тарағандары: сифилис трихомониаз, гонорея, В және С гепатиттер, АҚТҚ (ВИЧ - инфекция).
Көксу аудандық ауруханасының гинекологы Омарова Арайлым Мейрамқызы жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік және оның салдарлары туралы айтты. Ерте жүктіліктің негізгі проблемасы — жыныстық тәрбие туралы білімінің жеткіліксіз болуы, не болмаса тәрбиенің мүлдем жоқтығы. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Ана мен қыз баланың өзара қатынасы бұзылса, қыз бала «әдейі» бәрін кері істейді. Егер қыз бала жыныстық қатынасқа ерте түссе, оның салдарын білуі керек. Осындай өмірге ол дайын ба?! Баланы көтеріп, өмірге әкеле ала ма?! Егер ол ерте жүктілікке әзір болмаса, ол сақтанудың жолдары және құралдары туралы толық ақпараттануы керектігі айтылды.